Юго-Западный научно-исследовательский институт животноводства и растениеводства

Юго-Западный научно-исследовательский институт животноводства и растениеводства

Menu

Аграрлық ғылымсыз алға баспаймыз

Қазақстанның болашағын ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік кешеннің дамуынсыз, тиімді аграрлық ғылымсыз елестету мүмкін емес. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы елдің ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) шамамен 5%-ын құрайды. Агроөнеркәсіптік кешен елдің азық-түлік қауіпсіздігін ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты да анықтайды. 
­­­Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық таза ауыл­шаруашылық өндірісін дамыту және заманауи агротехнология­лар мен инновацияларды енгізу,  әлемде тұрақты жо­ғары сұранысқа ие жоғары өнімді дақылдарды өсіруге көшу арқылы еңбек өнім­ділігін арт­тыру қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Президент мал ша­руа­шылығы саласында қой және қозы, құс етін өндіруді, сүтті мал шаруа­шылығын дамыту және мал шаруа­шылығы өнімдерін экспорттаудың болашағы бар деп санайды.

Селекция өнімділікті арттырады

Агроөнеркәсіптік кешенді дамы­тудың мемлекеттік бағ­дар­лама­сының мақсаты – на­рықта сұранысқа ие бәсекеге қабілетті өнімдер өндіруді қам­тамасыз ету. Соған байланысты бірқатар міндет қойылды, соның ішінде ішкі нарықты толықтыру және экспорттық әлеуетті отандық өніммен дамыту өзекті.

Еліміздің оңтүстік-батыс айма­­ғында Қазақстандағы ауыл­­­шаруа­шылық жерлерінің 37,2% және жайы­лымдардың 80,6%-ы шоғыр­ланған, соның ішінде 40 млн гектардан астам шөлді және жартылай шөлді жайылымдар бар. Аймақтың қолайлы табиғи-ресурстық әлеуеті ауылшаруашылық жа­нуарларының барлық түрін тиімді өсіруді қамта­масыз ету­ге мүмкіндік береді. Атап айт­қанда, аймақта ірі қара мал са­ны Қазақстанның жалпы мал басының – 27,8%, қой – 47,9%, түйе – 87,1% және жылқы 28,5%-ын құрайды. Еліміздің оңтүстік аймағында орналасқан «Оңтүстік-Ба­тыс мал және өсімдік ша­руа­шылығы ғылыми-зерттеу инс­титуты» ЖШС Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облыстарының мал және өсімдік шаруашылықтарының дамуын ғылыми қамтамасыз етумен айналысады. Институттың басым бағыттары – қолданыстағы жануар­лар тұқымдары мен ауыл шаруа­шы­лығы дақылдарының сұрыптарын ұтымды пайдалану және жетілдіру. Соның негізінде халықаралық стан­дарттардың талаптарына сай келетін жоғары сапалы өнім өндірісін ұлғайту, болашағы бар технологияларды жасау және тарату.

Селекция мен асылдандыру сала­сындағы ғылыми әзір­леме­лер, қой шаруашылығы өнім­де­рін өндіру технологиясы бү­гін­де өнімнің бірлігіне кететін шығын­дарды 10-12% шамасында төмен­дете отырып, мал өнімділігін 10-15%-ға арттыруға мүм­кіндік береді.

Қылшық жүнді қой ша­руашы­лығында инсти­тут­ ға­лым­дарының селекциялық-асыл­дандыру жұ­мыс­­тарының нәтижесінде шөл, шөлейт және таулы аймақтарда өсіруге жо­ғары бейімділікпен сипатталатын төзімді және ірі төлді қой­лардың жаңа «Ордабасы» тұқымы шыға­рылды. Қой­лардың тірілей салмағы мен тез­жетілгіштігі бұрынғы тұқым­дармен салыстырғанда 10-15%-ға жоғарылады. Соңғы жылдары жа­ңа өнімділігі жоғары генотиптер шыға­рылды: 4 желісімен «Бадамдық» тұқымішілік типі және 2 желісімен «Шәуілдірлік» зауыттық типі. Бия­зы жүнді қой шаруашылығында «Қазығұрт» зауыттық типі мен оң­түс­тік­қазақстандық қойлардың тұ­қыл тұқымішілік типі шы­ға­рылды. Шығарылған жануар­лар тірілей сал­мағының жо­ғарылығымен сипатталады және аналықтардың төлшеңдігі 2,5-3,0%-ға, қозылар­дың ене­лерінен айырғанға дейінгі өміршеңдік коэф­фициенті 2,7-3,0%-ға артады. Оңтүс­тік­қазақ ме­рин­осының тұқыл тұқымішілік типті қойлары тірілей салмағы, жүн түсімі және оның ұзындығы бойынша оңтүстікқазақ мериносы тұқымы қойларының стандартынан айтарлықтай асып түседі: Яғни қошқарлары бо­йынша – 20,5; 30,2 және 25,0%, аналықтары бойынша – 4,5; 32 және 15,5%.

Әулиеата ірі қара малын мақ­­сатты селекциямен сақтау және санын арт­тыру бойынша бағдар­ламалар әзір­ленді. Бұл тұқымның тектік қо­рын сақтап қана қоймай, оңтүстік өңір­де осы тұқымды өсірудің бәсе­кеге қа­білеттілігі мен тиімділігін арт­тырады.

Түйе шаруашылығы оң­түстік-батыс аймақтың 5 облысында бел­сенді дамып келеді, оның саны рес­­пу­бликада 236 мыңнан асады, оның 11,1%-ы – асыл тұқымды. Мал басының жылдық өсімі 10,7%-ды құрайды. Сүт өнеркәсібін дамыту мақ­сатында Маңғыстау түбегінде «Түпқараған-лөк» желісі, Каспий маңы ойпатында қазақтың екі өр­кешті түйелерінің «Атырау Бура» желісі шығарылды және Сакон «Бура-41» және «Таушық-бура» зауыт­­тық желілерін шығару барысында селекциялық жетіс­тіктерге патенттер алынды.

Қазіргі уақытта етті малды өсіру, азықтандыру және бор­­да­қылаудың тиімді технологияларын әзірлеу бойынша жұмыстар жүр­гізілуде; жайылымдарды гео­бо­­таникалық зерттеу, оның веге­­та­циялық кезеңдері мен жыл мез­гілдері бойынша қорек­тілігін зерттеу, жайылымдарды пайда­ла­ну­дың сызбалары мен жоспары құрылды, сонымен қатар жемшөп пен минерал­ды қос­паларды қол­данудың тиім­ділігі анықталды.

 

Жаңа сұрыптардың тиімділігі мол

Өсімдік шаруашылығы бо­йын­ша негізгі азық-түлік дақыл­дары: арпа, бидай, майлы дақыл­дар, бұршақ дақылдары, жеміс-жи­дек, көкөніс және жидек дақыл­дарын зерттеу жұмыс­тары жүргізілуде, жа­қын және алыс шетелдерден әке­лінген шарап пен асханалық жүзім сұрыптарын бейімдеу және бейімделу қасиеттері зерттелуде.

Осылайша, селекциялық жолмен күздік жұмсақ бидайдың жаңа өнім­ділігі жоғары «Шым­қала» сұрыпы шығарылды, бұл аурулар мен зиян­кестерге және құрғақшылыққа жо­ғары төзім­ділігімен ерекшеленеді. Стан­дартты «Алмалы» сортымен са­лыс­­тырғанда өнімділігі 3,6 ц/га, желім­тігі 16,8%-ға және ақ­уызы 17,1%-ға ­жоғары екендігі дәлел­­денді.

2020 жылы оңтүстік жағ­дай­ларда өсі­руге тиімді сояның жаңа «Ақ бас­тау»  сорты шыға­рыл­д­ы.

Шөлді жемшөп өндірісінде Қазақ­станның тау бөктері ай­ма­­ғында жаң­быр­мен қам­та­масыз етілмеген және жартылай қам­тамасыз етіл­ген тәлімі жер­лері үшін жақсы пі­шен болатын түйе жоңышқаның «Сарайшық» сорты шыға­рыл­ды. Шөл дақылдардың құр­ғақ­шылыққа төзімділігін арттыру мақ­сатында изеннің жаңа «Нұр» сорты шыға­рылды.

Шағын және орта ауылшаруа­шылық құрылымдары үшін күз­дік бидайды, мақсары мен жо­ңыш­қаны, суармалы және тәлімі егіншілікте қысқа ауыс­палы егісте негізгі және себуге дейінгі өңдеусіз тікелей егудің ғылыми негізделген технологиясы жасалды. Сонымен қатар жем-шөп дақылдарының қысқы-аралық және шабындық мал азықтық дақылдарын өсірудің қосу, үнемдеу технологиясы жасалды.

Оңтүстік-Батыс мал және өсім­­дік шаруашылығы ғылыми-зерт­теу институты ғылыми қыз­меті­мен қатар, ауыл ша­руа­шы­лығы кәсіпорын­дары арасында Тассай білім тарату орталығы не­гі­зінде ауыл ша­руа­шылығы кәсіп­орындарының маман­да­рына жоғары тиімді заманауи технологиялар мен жабдық­тар­ды қолданудың теориялық және практикалық дағдыларын үйретеді. Ауыл шаруашылығы ғылы­мының озық жетістіктері, ауыл ша­руа­шы­лығы техникасы мен тех­ноло­гиясының соңғы үлгі­лері туралы ақпарат таратады.

Қазіргі уақытта Қазақстанның оңтүстік-батыс аймағында мал және өсімдік шаруашылығын одан әрі дамыту үшін Үкімет ғылыми іс-шараларға гранттар бө­леді және ғылыми әзір­леме­лер шынымен тұрақты табыс­ты жобаларға айналуы үшін ғылыми қоғамдастық жер­гілік­ті атқарушы органдар, ауыл­шаруашылық және кәсіпкерлік құрылымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Институт ғалым­дары көкөністердің, жеміс­тердің, жидек­тердің дақылдары мен саңырау­құлақтардың ең таны­мал түрлері мен сорттарын ашық топырақпен бірге жабық топы­рақта өсіру жобаларын, сон­дай-ақ, балық ша­руашылығын дамытуды кеңейтуге арналған ғы­лыми әзірлемелерді жүзеге асыру үшін мамандарға ұсынады. Жинақталған ғылыми жетіс­тік­терді, инновациялық техноло­гия­ларды пайдалана отырып, өнім­нің өзіндік құнын төмен­детуге ғана емес, оның сапасын едәуір жақ­сартуға мүмкіндік бере­тін агро­өнер­­кәсіптік кешен­де ең жақсы нәти­желерге қол жеткізуге болады. Бұл өз кезе­гінде жалпы қоғамның әл-ауқа­тына әсер етеді.

 

Сәкен ҚАНЫБЕКОВ,

«Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасы

 

ШЫМКЕНТ

https://egemen.kz/article/271235-agrarlyq-ghylymsyz-algha-baspaymyz?fbclid=IwAR3r4q5hauUmXIicIqEoAe-uG9eTeIbCT-E-4cTqvUCbmyRhZQBAJGAEn7Q
© egemen.kz

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on vk
VK